А.М. Мұратбекова
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы педагогика ғылымдарының кандидаты

Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Кәсіптік-техникалық лицейлер мен ЖОО бітірген жас буын – әрі болашақ маман, әрі ҚР өндірісін ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады. Соңғы жылдары әдіскер-ғалымдар қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен қатар, студенттердің кәсіптік мамандығын ескере отырып игертудің тиімді жақтарын қарастыруда.

Тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары:

  • тіл үйренушілер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;
  • кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;
  • қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;
  • қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер Қазақстан тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен танысып, білімдерін молайтады;
  • күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарды жазуды үйренеді;
  • болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.

Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Соңғы жылдары қазақ тілін мамандыққа сәйкестендіріп қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ол зерттеулердің нәтижесінде кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды.

Қазақ тілін мамандыққа сай оқытудың басты ерекшеліктерін анықтауда, тиімді әдістемесін ұсынуда әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш. Оразбаеваның бүгінгі күнде үлкен бір ғылыми-әдістемелік мектебі қалыптасқан. Ғалым теориялық және әдістемелік тұрғыдан тілдік қатынастың негізін қалаған еңбегінде сөйлесім әрекетінің түрлерін – оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім деп бөліп қарастырады. Солардың әрқайсысына байланысты Ф.Ш.Оразбаеваның ғылыми жетекшілігімен қорғалған кандидаттық диссертацияларды атап өтетін болсақ, С. Нұрғали айтылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2003), Г.Т. Бейсенбекова оқылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2001), Б.А. Ахметбекова мамандыққа қатысты сөздік жұмыстарының әдістемесін (2000), Г.К. Мұқашева мен М.Д. Жорақпаева әр түрлі мамандықтарға сай тыңдалым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2002), Ф.Ж. Абдразақова қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесін (2003), А.М. Мұратбекова қазақ тілінің кәсіби бағытталған лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2003), Ә.Ә. Уабиева қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесін (2003) арнайы зерттеді. Сонымен қатар ғалымның шәкірттері тіл үйретудің т.б. өзекті мәселелерін, атап айтсақ, А.С. Досмурзаева тірек сызбалар арқылы (2002), Г.Т. Алдамбергенова мәтіндер арқылы құрылысшы мамандығына сәйкес оқытуды (1997), сондай-ақ тілді қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін де Н.Х. Шадиева қазақ мектептерінің 5-сыныбында лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы (2002), А.К. Жанабилова тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясын (6-7-сыныптарға арналған) шығармашылық тапсырмалар арқылы, Ш.Қ. Құрманбаева қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (2009), С.Т. Садықова қазақ тілін дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқыту мәселелерін қарастырды. Ал ересектерге тілді оқытуға байланысты «Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (2009) атты бірінші докторлық диссертацияны қорғаған педагогика ғылымдарының докторы Құрманбаева Шынар Қапантайқызы қорғады.

Қазақ тілін мамандыққа сәйкестендіріп қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми зерттеулерге тоқталатын болсақ, Б.Ш. Мешімбаеваның “Гуманитарлық бөлім студенттерін қазақша пікірлесім (диалог) арқылы сөйлеуге үйрету әдістемесі” (1999) атты ғылыми еңбегінде жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлім студенттерін пікірлесім арқылы қазақша сөйлеу тіліне үйрету әдістемесінің ғылыми негізі жасалды. Автор мамандыққа бағытталған пікірлесім арқылы сөйлесуді меңгертуде қолданылатын ұтымды әдіс-тәсілдерді анықтады, пікірлесімге қатысты қазақша сөйлеу тіліне үйретуде төмендегідей 3 кезеңді қамтуды ұсынды:

  1. оқу процесіндегі пікірлесім;
  2. шығармашылық пікірлесім;
  3. шығармашылыққа бағытталған пікірлесім құрастыру [1,135].

Зерттеу жұмысында сөйлесімді басқа ұлт өкілдеріне пікірлесім арқылы үйретуде тілдік жағдай тұңғыш рет тәжірибеде қолданылып, оның ұтымдылығы ғылыми негізде бірінші рет дәлелденді және пікірлесімнің жаттығулары екі үлкен топқа жіктеліп қарастырылды. Олар:

  1. дайындық жаттығулар;
  2. қатысымдық жаттығулар [1,12].

2000 жылы Г. Т. Алдамбергенова “Кәсіптік мектептердің орыс бөлімі оқушыларының қазақша сөйлеу тілін құрылысшы мамандығына сәйкес мәтіндер арқылы дамыту” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Автордың айтуынша, мәтін арқылы тілді оқыту төмендегі міндеттердің жүзеге асуына көмегін тигізеді:

  • тұрмыста, өндірісте, әлеуметтік ортада қазақша тілдік қатынасты игеру;
  • қазақ тілінде мәдени-ресми, кәсіби қатынасқа дайындық;
  • өз мамандығы бойынша сұрақтарға жауап бере білу, осы тақырып төңірегінде ойын айта білу дағдыларын меңгерту;
  • кәсіби бағыттағы қарым-қатынастық мәтіндерді аудармасыз түсінуге ұмтылу;
  • оқушылардың сөздік қорын молайтуда аударма, түсіндірме және кәсіби сөздіктерді пайдалана білу;
  • қазақша ойлауға, қазақша сөйлеу әуезділігіне жету, үлгісіз, жетексіз өз бетінше сөйлеуге, жазуға дағдылану, игеру [2,77].

Қ. Қадашева “Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі” (2001) деген докторлық диссертациясында мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, тіл үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау қатысымдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ерекшелік екендігін көрсетті.

Зерттеу жұмысында заңгер мамандығына бейімдеп оқытуда автордың өз тәжірибесінен алынған үлгілері толық баяндалып, кәсіби бағыттағы материалдың негізінде пікірлесімдік қарым-қатынасты қалыптастыруға жаттығулардың әсері зор екені айтылады. Сонымен қатар өзгетілді дәрісханалардағы үйренушілерге мамандығы бойынша тілдік база жасау мәселесіне тоқтала отырып, оның мақсаттарын ашып көрсетеді [3,103].

Қазақ тілін мамандыққа сәйкес оқыту әдістемесі бойынша Р. Ә. Шаханова “Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” (2001) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбекте техникалық университеттің орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі жасалды. Ғалым: “Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың әдістемелік жүйесін жаңа технологиямен толықтырып, дамытып, жетілдіріп отыру тілдің қатысымдық қызметін нәтижелі меңгертуге негіз қалайды», – дейді [4,301]. Атап айтқанда, студенттердің мемлекеттік тілде сөйлеуге деген қызығушылығы мен мүдделігін, олардың білімін рейтинг, тест материалдарын талапқа сай пайдалану арқылы арттырудың мәнін анықтайды.

Студенттердің мемлекеттік тілді тиімді игеруінің басты факторы – оқу бағдарламалары мен оқулық, оқу-әдістемелік материалдарды модульдік оқу жүйесімен берудің ұтымдылығын дәлелдеп, модульдік жүйеге негізделген электрондық оқулықтар студенттердің өз бетімен жұмыс істеуіне тиімді екенін айтады. Тілдік жағдай жүйесін үнемі мамандықпен байланыстырып отыруы қарастырылған. Зерттеуде қазақ тілін мамандыққа қатысты үйретудегі мәтіннің маңызды рөлі дәлелденіп, мәтіннің тілдік жүйесі айқындалған. Диссертанттың айтуынша, мамандыққа қатысты мәтіндерді іріктеу ұстанымдары дұрыс сөйлеуді жетілдіруге қызмет ету үшін:

  1. мазмұндық және тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленуі керек;
  2. тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс істеуіне ынталандырылуы;
  3. қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болуы керек;
  4. мамандыққа байланысты ғылыми мәтіндер студенттерде қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде студенттердің сенімін күшейтетін болуы қажет [4,204].

Мамандыққа байланысты жазылған еңбектің бірі – М.Д. Жорақпаеваның “Ет-сүт биотехнология бөлім студенттеріне қазақ тілін тыңдалым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі” (2002) атты кандидаттық диссертациясы. Ғылыми зерттеуде тыңдалымды ет-сүт мамандығына сай меңгертуге негіз болатын тыңдап-қабылдау, тыңдап-есте сақтау, тыңдап-көру, тыңдап-байқау, тыңдап-бекіту тапсырма түрлері беріледі.

М. Д. Жорақпаева мамандыққа сай мәтіндегі хабарды тыңдалым арқылы түсіну дәрежесіне қарай берілетін төмендегі тапсырма түрлерін нақтылап көрсетеді:

  1. мәтіннің мазмұнын түсінуге арналған тапсырмалар;
  2. мәтіннен алынған ақпаратты шығармашылық ізденістер мен толықтыруға арналған тапсырмалар;
  3. мәтіндегі хабарларды адамдармен қарым-қатынасқа, сөйлесуге қолдана білуге арналған тапсырмалар [5,104].

Қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан үйретуде сөйлесім әрекеті мен оның түрлерін меңгертудің маңыздылығы ғылыми жұмыстардың зерттеу нысаны бола бастады. Осы ретте Ф. Абдразахованың шетел студенттеріне қазақ тілін жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесін қарастырған зерттеу еңбегінің маңыздылығын атап өткен жөн. Ф. Абдразахова зерттеу жұмысында сөйлесім әрекетінің бір түрі – жазылым әрекетінің анықтамасын, ерекшеліктерін және түрлерін анықтай отырып, жазылым әрекетін шетелдік студенттерге меңгертудің тиімді жолдарын көрсетті. Зерттеу жұмысында жазылым әрекеті бірнеше түрге бөлініп қарастырылды. Мәселен, жазылу үлгісіне қарай жазылымның мынадай түрлері берілді:

  • дыбыстық жазылым;
  • көшіру жазылымы;
  • жатқа жазу жазылымы;
  • көркемдік жазылым;
  • танымдық жазылым [6,15].

Тілді мамандыққа сай үйретуге арналған әдістемелік оқулықтар мен оқу құралдары жарық көре бастады. Бұл оқулықтар студенттердің ғылыми тілді, мамандыққа қатысты кәсіби тілді, ресми-іскерлік тілін жеткілікті түрде меңгеруіне ықпал етуде.

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне мамандыққа байланысты оқытуды көздейтін еңбектердің бірі – Р.Ә.Шаханова, С.Т.Айбергенова, Г.А.Аужанованың авторлығымен жазылған “Мамандыққа байланысты жаттығулар мен текстер жинағы”. Бұл авторлар студенттердің мамандығына, кәсібіне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды, сөздік қорларын байытуды, кәсіби сөздерді меңгеріп, өз ойларын дұрыс мазмұндап жеткізуге, аға ұрпақтың өнегелі өмірін өздеріне үлгі ете білуге үйретуді мақсат етеді.

Әдістемелік құрал екі бөлімнен тұрады, оның бірінші бөліміндегі материалдар “Инженер-мамандар ұясы”, “Менің мамандығым”, “Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” деген негізгі үш тақырып төңірегінде беріледі. Сөйлеудің түрлері, олардың ерекшеліктері туралы мағлұмат беретін жаттығуларды, сауалнама сұрақтарын орындау барысында студенттердің сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мүмкіндігі туады. Сонымен қатар оқулық негізінде тіл үйренушілер жазылым әрекеті арқылы іске асатын шығармашылық жұмыстарды жазып үйренуге машықтанады. Еңбектегі жаттығулар мен мәтіндер тақырыбы студенттердің мамандығына, оқу орнының тарихына, ғалым-инженерлер Қ.И.Сәтбаев, А.Ж.Машанов, Д.А.Қонаев, Ө.А.Байқоңыровтың өнегелі өмір жолдарына байланысты құрылған.

Оқу құралындағы берілген барлық жұмыс түрлері тіл үйренушілердің кәсіби тілдік қатынасқа түсуін сөйлесім әрекетінің (тыңдалым, оқылым, айтылым, тілдесім, жазылым) бір-бірімен байланысуы негізінде қарастырылған.

Мамандыққа байланысты оқытуды мақсат ететін оқулықтардың бірі – жоғары оқу орындарының экономика факультетінің орыс тілді студенттеріне арналған “Қазақ тілі” оқулығы. Оның авторлары – А.Мусинов, М.Мұхамбетқалиева, Е.Құдайбергенов. Оқулық тіл үйренушілердің бастауыш топтарына 400-500 сағатқа бөлініп құрастырылған. Грамматикаға байланысты фонетика, орфография, лексика, фразеология, морфология және синтаксистен материалдар беріледі. Сабақты жүргізуде сөйлесім әрекетінің 4 түрін (оқу, айту, тыңдау және жазу) және тілдік материалды кешенді түрде беру талап етіледі.

Оқулықта жаттығулар, мәтіндерге арналған сөздіктер мен орысша-қазақша экономикалық терминдер сөздігі беріледі. Еңбекте экономика факультеттерінде оқытудың кәсіби бағыттылығы ескеріледі. Экономикалық терминдерді меңгерту және оларды терең түсіну, сөйлем конструкцияларын қолдану дағдыларын қалыптастыру арнаулы кәсіби лексиканы сұрыптау арқылы іске асады. Осыған орай, сөздік қорды көбейту мақсатында мәтін бойынша жұмыс сөздікпен толықтырылған. Оқу құралында студенттердің өз бетімен жұмыс істеуіне арналған мәтіндер орыс және қазақ тілінде жазылған. Мәтіндерде Қазақстанның көрнекті экономист-ғалымдары туралы да айтылады. Негізінен жаттығу жұмыстарында тек грамматикалық материалды меңгерту мақсат етілген. Ал экономикаға байланысты жаттығуларда көбінесе орыс тілінен қазақ тіліне аудару тапсырмасы орын алады.

Жоғары оқу орындарының экономика факультетінің қазақ тілін жалғастырып, тереңдетіп оқитын топтарына арналған З.Күзекова мен Г.Қарақұсованың “Қазақ тілі” оқулығын ерекше атап өтуге болады. Бұл еңбектің басты мақсаты – сөйлеу тілі қалыптасқан үйренушілердің қазақша сөйлеуін, жазуын, баяндауын мамандыққа қатысты жетілдіру, сөздік қорын байыту.

Жалпы оқулық 20 сабақтың материалын қамтиды. Мәтінмен жұмыс істеуде сөз мағынасын түсіндіру, нақтылау, оны студенттердің тіліне енгізу белгілі бір тақырып төңірегінде берілген. Мәтінмен жұмыс жүргізу нәтижесінде тіл үйренушілердің кәсіби сөздік қоры байып, сөйлеу мүмкіндіктері дами түседі. Экономикалық тақырыптарға арналған мәтіндер грамматикалық, лексикалық, коммуникативтік тапсырмалар жүйесінен құралған. Студенттердің білімін қорытындылау мақсатымен сабақ соңында сөзжұмбақ, пікірталас сұрақтары оларды толғандыратын мәселелер төңірегінде құрастырылған. Сондай-ақ ертегілер елінен, көркем шығармалар әлемінен алуы тіл үйренушілердің қызығушылығын арттырып, тіл үйренуге ынтасын күшейтетін көп мағлұмат берілген. Тіл үйренушінің сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда оқу құралындағы сөздік-минимумның көмегі тиетіні сөзсіз.

Қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытудың қалыптасуына әсер ететін еңбектердіңбірі– К.Сариева, Ф.Оразбаева, Г.Ауқашева, Г. Алдамбергенованың авторлығымен жазылған, орыс тілінде оқитын кәсіптік-техникалық мектептер мен лицейлерге арналған “Қазақ тілі” оқулығы. Оқу құралында оқушылардың сөйлеу тілін қалыптастыруға бағытталған лексикалық материалдар кәсіптік білім берумен қатар танымдық, тәрбиелік сипатымен ерекшеленеді. Оқушыларды Қазақстандағы кәсіби білім ошақтарымен таныстыруда Отандық кәсіби білім тарихынан мағлұмат беретін мәтіндер, кәсіпке байланысты мақал-мәтелдер, өлең-жырлар сабақ тақырыбымен байланыстырыла енгізілген.

2001 жылы баспадан жарық көрген З. С. Күзекованың “Қазақ тілінің практикалық курсы” атты оқулығы жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінің орыс бөлімдерінде қазақ тілін жалғастырып, тереңдетіп оқытатын топтарына арналған. Оқулық 30 негізгі сабақтан тұрады, мұндағы мазмұны терең мәтіндер, лексика-грамматикалық жаттығулар жүйесі, шығармашылық тапсырмалар студенттерді қазақ тілінде еркін сөйлесуге, әңгімелесе білуге, баяндама жасауға, сұхбат алуға, пресс-конференциялар мен пікірталасқа қатысуға үйретеді.

Әрбір сабақта мәтін, мәтінге қатысты сөздер, грамматикалық тұлғаларға түсініктеме, ойтүрткі сұрақтар, лексикалық түсініктеме, мәтінге дейінгі, мәтіннен кейінгі тапсырмалар, диалог, мәтінге қатысты түсініктерді тексеруге арналған сұрақтар, мәтіндегі грамматикалық тұлғаларды табу жұмыстары, лексика-грамматикалық тест, тапсырмалар, сөзжұмбақтар, афоризм, нақыл сөздер, салыстыру тапсырмалары, өз бетінше жұмыс істеуге арналған тапсырмалар жүйелі түрде “қарапайымнан күрделіге” ұстанымы негізінде құрастырылған. Оқулықпен жұмыс істеу барысында тиімді нәтижеге жету үшін автордың әдістемелік нұсқауларды ұсынуы өте орынды.

А.О. Мұса, І.М. Төленов, Ж.Ш. Әбіш, Е.Қ. Құдайбергеновтың жоғары оқу орындарының экономика факультеті, экономика колледжі, орта және кәсіптік мектептері үшін жазылған “Қазақ тілі” атты оқу құралында фонетика, лексика, морфология, синтаксис бөлімдері қамтылады. Еңбекте лексикалық материалдар күнделікті өмірге қажетті етіп алынған. Әрбір лексикалық тақырыпқа грамматикалық түсініктеме және жаңа сөздер беріліп отырады. Студенттердің өз бетімен жұмыс істеуіне арналған экономикаға қатысты мәтіндер халық ауыз әдебиетінен, тұрмыс-салт жырларынан, ұлы адамдар өмірінен, ел экономикасы, Қазақстанның өндіріс орындарынан көп мағлұмат береді. Білім тиянақтылығын арттыру үшін тіл үйренушілерге тест сұрақтары ұсынылған.

Мамандыққа бейімдеп жазылған, өзінің танымдық-тәлімдік мәнімен ерекшеленетін оқулықтардың бірі – жоғары оқу орындары заң факультетінің студенттеріне (орта және жалғастырушы топтарына) арналған.

Ш. Құрманбайұлы, М. Мамаева, А. Сыбанбаеваның “Қазақ тілі” оқулығы. Болашақ заңгерлердің сөздік қорын молайтып, кәсіби тілін қалыптастыруда олардың келешек қызметінде қолданатын сөздер мен сөз тіркестерін, заң терминдерін меңгерту басты мақсат етілген. Көркем шығармалар мен ғылыми еңбектер бойынша іріктеліп алынған мәтіндер және оларға қатысты құрастырылған әр түрлі тапсырмалар жүйесі модульдік технологияға сәйкестендірілген. Сонымен қатар студенттердің өзіндік жұмысы түсіндірме, фразеологиялық, аударма сөздіктер арқылы іске асады. Шағын хабарлама жасау, жоспар құру, белгілі бір тақырыпқа шығарма, баяндама, тезис, реферат, конспект жазу тапсырмалары болашақ мамандардың жазбаша тілін дамытуда, өз ойын, пікірін жеткізуде басты орын алады. Сөз маржандары – мақал-мәтел, нақыл сөздердің мәні түсіндіріліп, есте сақтау керектігі ескеріледі. Студенттерді қызықтыратындай халықтың асыл қазынасы – шешендік өнер тарихына, шешендік сөз үлгілеріне баса көңіл бөлінген. Студенттердің өз бетімен ізденіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруі кітап соңындағы заң терминдерінің қазақша-орысша қысқаша сөздігі арқылы жүзеге асады.

2002 жылы К.Қ. Аяпбергенова, Р.Т. Қатаева мейірбике ісі мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж шәкірттеріне арнап “Қазақ тілі” оқулығын жазды. Оқу құралында студенттердің медицина лексикасына айрықша көңіл бөлу керектігі айтылады. Қазақ тілін мейірбике мамандығындағы студенттерге игертудегі оқытушының төмендегі міндеттері көрсетілген:

  • өз мамандығына сай сөздер мен мәтіндерді іріктеп алу;
  • оқу материалының игерілуіне тиімді әдіс-тәсілдерді таба білу;
  • студенттер ынталы түрде игерулері үшін, оларға бұл сабақтың қажеттілігін түсіндіру;
  • студент ынтасын арттыруда оның қызығушылық қасиетін туғызатын психологиялық жағдайды ұйымдастыру.

Тіл дамытудағы ең тиімді әдістердің бірі – мәтін бойынша жұмыс істеу. Сондықтан мәтіндер күнделікті тұрмыста қолданылатын, мамандық бойынша, төменгі және орта топ студенттеріне арналған мәтіндер болып топтастырылады. Сонымен қатар грамматикалық ережелерді түсіндіруге түрлі кестелер, студенттердің өздік жұмысына байланысты тапсырмалар, дәрігерлік қазақша-орысша сөздік берілген.

2005 жылы Ф.Ш.Оразбаева, Ш.Қ.Құрманбаева, Г.Қ.Байқадамованың авторлығымен «Қазақ тілі: кеден органдарында мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту құралы» кеден органдарында және басқа да мемлекеттік мекемелерде жүргізілетін үйірмелерде мамандарға қазақ тілін тіл үйретудің жоғары деңгейінде қатысымдық әдіс арқылы тереңдете және жеделдете оқытуға арналған. Еңбекте ұсынылған кеденшілер өмірінің барлық салаларын қамтыған қызықты мәтіндер мен ұлттанымдық деректер, қатысымдық тапсырмалар, ісқағаздары үлгілері тіл үйренушілердің ана тілінде еркін сөйлеп, өз ойларын жазбаша да толық жеткізе алуларына мүмкіндік береді.

Гауһар Әлімбектің музыка саласы мамандарына арналған «Қазақ тілі» атты оқу құралы тіл үйретумен қатар мамандардың кәсіби-танымдық білімінің шеңберін кеңейтетін мәтіндер мен тапсырмалардан тұрады.

Сонымен, қазақ тілін мамандыққа байланысты сала бойынша оқыту әдістемесінің жасалуы төмендегідей ұстанымдарға негізделеді:

  • қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесінің негізі қаланған;
  • тілді қатысымдық бағытта үйретудің лингвистикалық негізі сөйлесім әрекеті және оның түрлері қарастырылды;
  • тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін дамыту басты міндет ретінде алынды;
  • қатысымдық бағдарлы оқытуды жүзеге асыру мақсат етілді;
  • кәсіби тілдік қатынасты жетілдіруде тіл үйренушінің қазақша сөйлеу тілін кәсіби қарым-қатынас тілі ретінде дамыту көзделді.
  • лексикалық минимумды танымдық-бағдарлы оқыту, грамматикалық минимумды мамандыққа сай мәтіндер мен жаттығулар арқылы оқыту ұсынылды;
  • қазақ тілін мамандыққа байланысты оқыту технологиясына байланысты әдістемелік кешен ұсынылды, оның тиімділігі тәжірибе арқылы дәлелденді.

Қорыта келе, жоғарыда қарастырылған әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде тілді мамандыққа сәйкес оқытуға байланысты құнды ой-пікірлер кездесетінін байқауға болады. Диссертациялық еңбектерде, оқу құралдарында қазақ тілін мамандыққа сәйкестендіріп қатысымдық тұрғыдан оқытудың мәселелері қамтылады. Бұл талданған еңбектердегі айтылған тұжырымдардың, әсіресе қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытудың өзіндік ерекшеліктері, заңдылықтары, оны меңгертудің әдіс-тәсілдерінің кәсіби қатынаста атқаратын маңызы зор.

Зерттеу жұмысында жаңа технология бойынша оқытудың ұстанымдарына сәйкес құрылған әдістемелік жүйені ұстаздар қауымы өз тәжірибелерінде қолдануға болады.

Әдебиет

1. Мешимбаева Б. Гуманитарлық бөлiм студенттерiн қазақша пiкiрлесiм (диалог) арқылы сөйлеуге үйрету әдiстемесi: Пед.ғыл.канд. … дисс. – Алматы , 1999. –163 б.

2. Алдамбергенова Г.Т. Кәсiптiк мектептердiң орыс бөлiмi оқушыларының қазақша сөйлеу тiлiн құрылысшы мамандығына сәйкес мәтiндер арқылы дамыту: Пед.ғыл.канд. … дисс. – Алматы, 2002. -161б.

3. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Пед. ғыл. док. … дисс. – Алматы, 2001. – 301 б

4. Шаханова Р.Ә. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлiмдерiнде қазақ тiлiн мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми -әдiстемелiк негiздерi: Пед.ғыл.док. … дисс. –Алматы, 2002. -327б.

5. Жорақпаева М.Д. Ет-сүт биотехнология бөлiм студенттерiне қазақ тiлiн тыңдалым әрекетi арқылы оқыту әдiстемесi: Пед.ғыл.канд. … дисс. – Алматы, 2002. -156б.

6. Абдразахова Ф.Ж. Қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесі (жоғары оқу орындарының филология факультетіне арналған): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2003, 29 б.

7. Оразбаева Ф. Тiлдiк қатынас: теориясы және әдiстемесi, Алматы, 2000. – 208 б.

8. Уабиева Ә. Ә. Кәсіптік лицейдің 10-11-сынып оқушыларына қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесі (орыс бөлімінің мамандығына арналған): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2003, 28 б.

9. Нұрғали С. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі үстеулерін айтылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі (заң факультеті орыс бөлімінің жалғастырушы топтар үшін): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2003, 27 б.

10. Мұратбекова А.М. Қазақ тілінің кәсіби лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі (тарих мамандығы үлгісінде): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2003, 28 б.

11. Жанабилова А.К. Тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясы (6-7-сыныптарға арналған шығармашылық тапсырмалар): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2005, 29 б.

12. Құрманбаева Ш.Қ. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: пед.ғыл.докт. авторефераты, Алматы, 2009, 44 б.

13. Садықова С.Т. Қазақ тілін дидактикалық бірліктерін ірілендіру технологиясы арқылы оқыту әдістемесі: пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2009, 28 б.