Құрманбаева Ш.Қ.
п.ғ.д., профессор

Білім беру парадигмасының түбегейлі өзгеруіне сәйкес инновациялық үдерістердің қарқындылығы артуда. Дәстүрлі үдерістен инновациялық үдеріске көшу талабы қазақ тілі мамандарының жаңа педагогикалық технология ауқымында әрекет жасауларына себепші болуда. Бүгінгі күндегі озық педагогикалық технологиялар арасындағы өзектілігімен, пәрменділігімен айшықталатыны – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде.

Қазақ тілін оқыту әдістемесін әлемдік ақпараттық білім кеңістігінің деңгейіне көтерудің тиімді жолы – білім беру саласын толықтай ақпараттандыру. Мемлекеттік тілді оқытуда соңғы мақсатты нәтиже – қатысымдық құзыреттілікке қол жеткізудің ең негізгі тетігі – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оңтайлы пайдалану. Бұған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 22 қыркүйектегі №6435 өкімімен бекітілген білім беру жүйесін ақпараттандырудың Мемлекеттік бағдарламасында: «Оқу үдерісінде педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану – жалпы білім беруді дамытудың басты бағыттарының бірі», – делінген. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында білім беру жүйесін ақпараттандыру осы саладағы мемлекеттік саясат негізінде анықталып, осы жүйедегі басты міндеттердің біріне айналып отыр.

«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігіне кіріктірумен сипатталады. Қазақстан Республикасында қабылданған білімді ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламалары еліміздің біртұтас дүниежүзілік білім кеңістігіне ену мүмкіндіктерімен байланысты білім беру саласын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етудің жаңа сатылық жүйесін жасауға бағытталған.

Білімді ақпараттандыру күрделі де көп қырлы үдеріс болып табылады, оның сәтті жүзеге асуы білім мекемелерін компьютерлендіруге ғана емес, білім беруді ақпараттандыруды қамтамасыз ету әдістемесіне, ғылым мен тәжірибенің өзара байланысына да тәуелді. Бұл ғалымдар мен педагогтардың, психологтар мен әдіскерлердің, бағдарламашылар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы мамандарының күш-жігерін жан-жақты жұмылдыру уақытының келгенін көрсетеді. Білімді ақпараттандыру – қазақ тілін үйретудің басты талабы. Қоғамды ақпараттандыру үрдісінің дамуына байланысты тіл үйретудің мазмұны жаңарып отырады. Қазақ тілін үйретуде қолданылатын ақпараттық білім ортасы тіл үйренушінің ақпараттық сана-сезімінің, қатысымдық құзыретінің қалыптасуына зор әсер етеді.

Тіл үйренушілердің жаңа ақпараттық және білімдік ортада табысты іс-әрекет етуі олардың бойында ақпараттық-технологиялық құзыреттіліктің қалыптасу деңгейі мен ақпараттық мәдениеттілігінің үстем болуына байланысты болып келеді. Ақпараттық мәдениеттің деңгейі тұлғаның ақпараттық кеңістікте өз адамгершілігін анықтау және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамытумен байланысты әлеуметтік маңызды өмір сүру тәсілін көрсетеді. Ақпараттың адам өміріне қаншалықты әсер етуіне қарай соншалықты оның жеке тұлғалық ерекшелігі, ақпараттық мәдениеті айқындалады. Қоғамды ақпараттандыруды дамытудың негізгі факторларының бірі – білім беруді ақпараттандыру. Олай болса, қоғамның әрбір мүшесі ақпаратты сауатты, ақпараттық мәдениеті мен ақпараттық құзыреттілігі дамыған тұлға болуы қажет. Білім беруді ақпараттандыру – оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда білім беру саласының теориясы мен практикасында ақпараттық-коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан-жақты қолдану үдерісі.

Қазіргі жаппай ақпараттандыру заманында қазақ тілін үйрету мен ақпараттық технологияларды игеру жарыспалы түрде қолданылады. Ақпараттық қоғам кезінде оқытушы тіл үйренушілердің алдында жалғыз ақпарат көзі болмайды. Ол ақпарат алуды жеңілдететін аралық тұлғаға айналады. Адамзат өркениетінің іргелі сипаты қажетті ақпаратты іріктеп алу, жинақтау, өмірге бейімдеп өңдеу және тұтыну болып табылады. Ақпараттық қоғамда алғашқы компьютерлік сауаттылық пен оны пайдалана білуді меңгермейінше, белгіленген міндеттерді шешу үшін компьютерлік құралдарды пайдалана білмейінше қазіргі ғылым мен мәдениетте, өндірісте, іскерлік пен қоғамның басқа да саласында адамның шығармашылық әлеуетін толық пайдалану мүмкін емес. Сондықтан қазақ тілін үйретуде қатысымдық құзыреттіліктің жоғары белсенді түрін дамыту ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді қолданғанда жүзеге асады.

Жалпы “Ақпараттық технология” термині ғылымда XX ғасырдың 40-50 жылдары пайда болған, оны Америкада XX ғасырдың басында дидактиктер «оқуға арналған медиа» (instructional media), «оқыту машиналары» (teaching machines), «оқытуды автоматты түрде басқару» (programmed instruction) сияқты ұғымдармен атаған. Шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеулерін талдай келе, біз мынадай анықтама ұсынамыз: «Ақпараттық-коммуникациялық технология» дегеніміз – мәліметтерді әр түрлі деңгейде, әр түрлі нысанда ұйымдастыруға қолайлы, жылдамдығын бірнеше мәрте арттыруға, қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға мүмкіндік беретін, технологиялық тізбекке біріктірілген, ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, шығару және тарату әрекеттерін қамтамасыз ететін өндірістік және программалық – техникалық құрылғылар мен әдістер жиынтығы».

Оқу үдерісінде, ғылыми-зерттеу және басқару қызметінде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, әлемдік білім кеңістігіне толығымен еніп, халықаралық деңгейге көтерілуде білім беру үдерісіне ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жетістіктерін енгізу қоғамды дамытудың жоғары тиімді технологияларына сүйенген жаңа білім стратегиясына көшу болып табылады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу үдерісінде пайдалану – ғасыр талаптарына сәйкес тәрбие беруде тұлғаның танымдық ойлау қабілетін дамытып, шығармашылыққа ұмтылдырады. Оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны кең көлемде енгізу педагогикалық еңбектің тиімділігін жоғарылатып, әдіснамалық тәсілдерді қолданудың артуына алып келеді. Сондықтан тіл үйренушінің танымдық іс-әрекеттерін күшейтіп, өздік жұмыстарды сапалы және жылдам орындау мүмкіндіктерін арттыру мақсатында дыбыстық, графикалық, видео, мультимедиа элементтерімен оқытудың мүмкіндігі жоғары.

Ақпараттық технологияларды қолдану интерактивтік және бейімделу сияқты құнды қасиеттері бар білім алу ортасын тудырады. Тілдік білім алуды ақпараттандыру тіл үйренушілерге дүниежүзілік мәдениет байлықтарымен, ақпараттық ресурстармен қатынас жасауға мүмкіндік береді және шынайы мәдени коммуникация үшін жағдай жасайды. Жаңа ақпараттық және білім алу ортасында тіл үйренушілердің табысты қызмет етуі олардың ақпараттық-технологиялық құзыретінің қалыптасу деңгейімен сипатталады, оның құрамында мәдени ақпарат жетекші орын алады.

Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асатын, тіл үйренушілердің мүмкіндіктеріне, ерекшеліктеріне бейімделген ақпарат көздерін қамтитын, анықтамалық, машықтандырушы қызметтерін атқаратын, оқыту, тәрбиелеу, дамыту, тексеру міндеттеріне құрылған оқытудың бір түрі – қашықтықтан оқыту жүйесі. Қашықтықтан оқыту жүйесі тіл үйренушінің ерекше танымдық белсенділігі мен қызығушылығына құрылған қатысымдық құзыреттілікке жетелейтін тұлғалық, нәтижеге бағдарланған оқыту ортасы болады. Бүгінгі қоғам сұранысын ескере отырып тіл үйренушілердің қатысымдық құзыреттілігін дамытуда қазіргі ақпараттық технологияларды және деңгейлік тапсырмаларды кіріктірген қашықтықтан оқыту жүйесінің қажеттілігі дау тудырмайды.
Қашықтықтан оқыту жүйесінде тіл үйренушілердің білімін өз таңдаулары бойынша көтеруіне мүмкіндік беретін оқыту үдерісі жүзеге асырылады. Бұл өздігінен білім алу формаларының бірі ретінде оқытудың “жеке траекториясын” жасақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі білімнің негізгі шарты үйренушінің жаңаны, өзіне қызықтыны, өз оқу траекториясын іздеу қажеттілігін қалыптастыру екенін ескерсек, қашықтықтан оқыту жүйесін жоспарлауда басты шарт тіл үйренушінің өз бетімен қатысымдық, танымдық, ізденушілік әрекетке ұмтылысын қамтамасыз ету болуы қажет.

Зерттеушілердің пікірінше, болашақ қоғамдағы әрбір азаматтың міндеті – «мамандардың бүкіл өмір бойы білім алуы» болады. Бүгінгі білім парадигмасына сәйкес оқытудың басты мақсаты өздігінен білім алып, дами алатын жеке тұлға қалыптастыру болғандықтан, қазақ тілін оқытуды ақпараттық білімдік ортада жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы тіл үйренушілердің қазақ тілінен қатысымдық дағдыларын өздігінен жетілдіріп отыруды өмірлік дағдыға айналдыруларына ықпал жасау көзделеді. Тіл үйрету үдерісінде компьютерді қолдану арқылы жасанды өзгетілді орта тудырылып, өзге тілді қарым-қатынас қамтамасыз етіледі, ақпаратты молынан алуға, өз бетімен тіл үйренуге жол ашады.

Тіл үйрету жүйесінде қолданылатын электронды білім ресурстарын көбейту, тарату мүмкіндігінің кеңдігі экономикалық жағынан өте тиімді. Қазақ тілін оқытуға арналған электронды оқу ресурстарының мазмұны неғұрлым бай, жан-жақты болған сайын тіл үйренушінің тілді өз бетімен үйренуге деген қызығушылығы арта түседі, танымдық белсенділігі артады, ол өз кезегінде өздік жұмыс нәтижесінің сапалы болуына әсер етеді. Тіл үйренуші ақпараттық білімдік ортаны әуелде тек қана өздік жұмысты орындау барысында қолданса, кейіннен белгілі бір деңгейді тәмамдап, қолына құжатын алып, курстан қол үзіп кетсе де, өз бетімен осы ақпараттық ортаны қолдану мүмкіндігіне шек қойылмайды. Өздігінен жұмыс істеу дағдысын жетік меңгерген, ақпараттық білімдік ортадан қана сусындаған тіл үйренуші қазақ тілінен білімін өз бетімен үздіксіз жетілдіріп отыруға бейімделеді.

Тіл үйренушінің өздігінен жұмыс істеуіне ыңғайлы электронды оқыту жүйесін құруда “компьютер – тіл үйренуші – оқытушы„ үздіксіз байланысын қамтамасыз ететін интерактивтік ұстанымы, мол ақпарат көлемін модульдік жүйеде, шоғырландыра ұсынуды қамтамасыз ететін жүйелілік ұстанымы, тіл үйренушінің психо-физиологиялық ерекшеліктерін сәйкес даралық ұстанымы, уақыт, кеңістік, қозғалыс бостандығын қамтамасыз ететін ізгіліктік ұстанымы, ақпараттық кеңістіктегі еркін бағдарды қамтамасыз ететін ыңғайлылық ұстанымдары басшылыққа алынады. Тіл үйренуші мен компьютер диалогы интерактивті терминалдың көмегімен және белгіленген ереже бойынша жүргізілген есептегіш жүйе мен оны пайдаланушылар арасындағы ақпарат алмасуға құрылады. Өздігінен жұмыс істеуге ыңғайлы электронды білім ресурстарының оқытуға арналған оқу ортасы дамытушы компьютерлік ойындарға бағдарланған, қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологияларға негізделген және деңгейлік тапсырмаларға негізделген оқу орталары болып бөлінеді. Дамытушы компьютерлік ойындарға құрылған оқу ортасы – тіл үйренушілердің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ тілін меңгеруге және сөйлесім әрекетін дамытуға бағытталған ойындарды қамти отырып, олардың қатысымдық құзыреттіліктерін дамытуды көздейтін орта.
Толассыз ақпараттар ағымын бүкіләлемдік Интернет жүйесі, спутниктік каналдар, теледидар, ұялы байланыс арқылы көріп, естіп қабылдауға машықтанған ХХІ ғасырдың өкіліне нағыз керегі – сандық бейне, анимация, компьютерлік оқыту ойындары, дыбысты жаңғырту т.б. компьютерлік технологиялар. Осылардың бәрін қолдануға мүмкіндік беретін қазіргі мультимедиалық бағдарламалар тіл үйретуді жеделдетуге, оқу уәждемесін көтеруге, сөйлесім әрекетін дамытуға зор әсерін тигізеді. Сөйлесім әрекетінің кез келген түрінің негізіне көру-есту моторының арасындағы байланыс жататыны белгілі. Сондықтан тақырыптық жүйеде аудио-бейне әсерлермен ұсынылған тілдік материал адамның көру, есту сезімдеріне ерекше әсер ете отырып, есте сақтау мүмкіндігін арттырады.

Қосылып әндер айту, диктордың айтқанын қайталау арқылы дұрыс айтуға дағдыландыру, мағынасын аша түсетін бейне материалдар, грамматикалық анықтағыштар, сөздіктер т.б. арқылы тың тақырыпты жан-жақты ұсыну, бос орындарға жауаптар жазу, диктант, мазмұндама жазу, сәйкестік, балама, ашық, жабық, реттік тест түрлерін орындату, т.б. тәсілдер компьютерлік технологиялардың арқасында өте жылдам және ыңғайлы жүйеде жүзеге асуда.

Қазіргі заман талабы бойынша білім берудің ақпараттандырудың негізгі талаптарының бірі – оқу үдерісіне мультимедиалық технологиялар мен коммуникативтік интерактивті әдістемелердің үйлесімді байланысы негізінде жасалған, оқыту және тексеру модульдерінен тұратын электрондық бағдарламаларды, оқулықтарды енгізу. Қазақ тілін оқытуда компьютерлік бағдарламаларды қолдану тәжірибесі көрсеткендей, оның нәтижелі болуы көптеген факторларға, оның ішінде негізінен бағдарламаның сапалы болуына байланысты. Кейбір электронды оқу құралдарында кездестіріп жүргеніміздей, сурет немесе жазбаша мәтін түрінде ұсынылған ақпаратты тек көру немесе оқу мүмкіндігі, кей жағдайда дыбысталу, яғни тыңдалым мүмкіндігі ғана берілетін болса, ол қағазда басылған оқулықтың электронды аналогы ғана болып қала береді. Ал мемлекеттік тілді оқытуда компьютердің шексіз мүмкіндіктерімен толық қамтамасыз етілген, сөйлесім әрекетінің барлық түрін дамытуға әсер ететін, оқыту әрі тексеру модульдерінен тұратын, тіл үйренушінің өз бетімен қолдануына ыңғайлы, білім беру стандарттары талаптарына толық жауап беретін мультимедиалық бағдарламалар қажет. Қазақстандық тілдік тұлғаның бойында қалыптасуға тиісті негізгі құзыреттіліктерді назарға ала отырып, компьютерлік оқыту бағдарламаларына келесі талаптар қойылады:

1. Тіл үйренушілердің қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруға барлық қажетті жағдайларды жасау.
2. Үйренушілердің ақпараттық және мәдениеттік білімдерін көтеру.
3. Тіл үйренушілердің логикалық, рефлексиялық ойлауын дамыту.
4. Ақпараттық ортада өзін-өзі мәдени дамытудың психологиялық алғышарттарын қалыптастыру.
5. Оқу уәждемесін арттыру және өнімді оқу-танымдық әрекетті дамыту.
6. Қазақ тілін өз бетімен автономды түрде оқу технологиясын меңгерту.
7. Эмпатия мен толеранттықты қалыптастыруға әсер ету.
8. Мәдениеттер диалогы субъектісінің тұлғасын қалыптастыруға әсер ету.

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуға арналған бағдарламаларға қойылатын дидактикалық талаптар:
– орнату мен жүйені жаңарту кезіндегі икемділік;
– үйретуді басқарудың икемділігі;
– қайтарымды байланыс;
– оқу үдерісін бақылау;
– ұпай мен рейтинг жинау жүйесі;
– оқу нәтижелерінің мониторингі;
– мультимедиа қолдауы;
– тапсырмалардың сан алуан типтері.

Білім берудің кез-келген саласында электрондық оқулықтарды пайдалану оқушылардың өз бетінше жұмысын және олардың жоғары танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Сапалы электронды оқулық қашықтықтан оқытуға, тіл үйренушінің өздігінен оқып үйренуіне мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметін кеңейтіп, оның маңызын, қажеттілігін табиғи түрде арттыру, жан-жақты дамытудың бірден-бір жолы – тілді үйретудің сапасына қатаң талап қою, тіл үйренушілердің өздігінен білім алуын ұйымдастырумен бірге оның нәтижелеріне тұрақты бақылау жасау. Бақылау жасау – адамның өзінің алдына қойған мақсатына қарай жүзеге асырылатын әрекетінің дұрыстығын қадағалау, тексеру. Компьютер тіл үйренушінің жауабын бағалайды, келесі кезекте қандай материал ұсынылуы қажет екенін анықтайды. Оқу үдерісінде компьютер оқытушы, электронды интерактивті тренажер, эксперт, іс-әрекет серіктесі, құралы, үйретуші, тексеруші, бағалаушы қызметтерін атқарады.

Қазақ тілін оқытуда қолданылатын бақылау, бағалау тапсырмаларын, аралық, қорытынды сынақтарды компьютерлік жолмен автоматтандыру кезінде тексеруге кететін уақыт мөлшерін бірнеше есеге үнемдеуге, бақылау мен тексеруде объективтілікке қол жеткізіледі. Компьютердің мультимедиалық ерекшелігі тест тапсырмаларын алуан түрлі етіп, сөйлесім әрекетінің барлық түрін қамти отырып, қатысым әрекетіне негіздей құруға мүмкіндік береді. Қазақ тілін ғаламтор арқылы оқыту жүйесінде қолданылып жүрген онлайн-тестілеу жүйесінің диагностикалық мақсаты – бақылау, тексеру, бағалау, статистикалық мәліметтерді талдау, қорытынды жасау арқылы тіл үйрету үдерісінің нәтижесін, тіл үйренушінің қатысымдық құзыреттілігінің деңгейін анықтау болып табылады, ол өз кезегінде кемшіліктер мен жетістіктердің себептерін айқындауға, тіл үйрету үдерісінің әрі қарай даму болжамдарын жасауға ықпал етеді.

Осылардың барлығы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дәстүрлі әдістемеге қарағандағы артықшылықтарын пайдалану арқылы тіл үйренушінің білім сапасының артуына, қатысымдық құзыреттілігінің қалыптасуына ықпал етеді. Тілдік білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тіл үйренушілерді әлемдік мәдени құндылықтарға, ақпараттық ресурстарға жақындатып алып келеді, шынайы мәдениаралық коммуникацияға жағдай жасайды. Бұл технологияның тіл үйретудегі мүмкіндіктері ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты дәлелденген, тек практикалық тұрғыдан жүзеге асыруға мамандардың дайындығы арта түсуі қажет. Алдағы уақытта жоғары талаптарға жауап беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың түрлері арта беретіні сөзсіз. Сондықтан қазақ тілін оқыту-үйрету үдерісінде бұл технологияларды ұтымды қолдану үшін оқытушылардың өз кәсіби шеберліктерін, ақпараттық-технологиялық құзыреттіліктерін үнемі дамытып отыруы талап етіледі.