Мұқанова Қ.Қ.
педагогика ғылымдарының кандидаты
Семей мемлекеттік педагогикалық институты

Мемлекеттік тілді тіл үйренушілерге меңгертуде қатысымдық құзыреттілікке қол жеткізу үшін оқытудың ғылыми тұрғыда негізделген, тәжірибеде дәлелденген тиімді технологиясын қолдану керек екеніндігі бәрімізге айқын. Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін қажетті жағдай жасау туралы Ата заңымыздың 93-бабында нақты көрсетілген[1]. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 8-бап, 7-тармағында да Оқытудың жаңа технологияларын ендіру, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеті қойылған. Аталған міндеттерді іске асыру үшін тіл мамандарынан білім беру үдерісін үнемі жетілдіріп отыру талап етіледі. Сондықтан білім беру үдерісін технологияландыру мәселесі маңызды болып саналады.

Жалпы оқу үдерісін“технологияландыру” мәселесі ХХ ғасырда педагогика ғылымында бiрнеше мәрте қарастырылып, әртүрлі қырынан зерттелді. Ол зерттеулердің нәтижесінде бірқатар ірі педагогикалық оқыту технологиялары сұрыпталды.

Сұрыпталған жаңа педагогикалық технологиялардың әрқайсысы – білім стандартында көзделген оқыту нәтижелеріне қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдардың біртұтастығын ұсынады.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде алатын орны мен маңызды рөлін ескеретін болсақ, қызметкерлердің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі мен сауатты жаза білуі олардың тілді меңгеру сапасына тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді қысқа мерзімде тиімді түрде оқытудың амал-тәсілдерін іздестіру – бүгінгі уақыт талабы. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерге сай қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Сондықтан қазақ тілін компьютерлік технология арқылы оқыту – заман талабына, уақыт ағымына қарай туындап отырған мәселе.

Компьютерлік оқыту технологиясы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, өздігiнен шығармашылықпен жұмыс iстей бiлу қабілетін және қызмет барысындағы іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, қазақ тілін үйретуде алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейтін, берілген тілдік материалды жедел әрі сапалы меңгертуге бағытталады.

Компьютердің білім беру үдерісінде кеңінен қолданыла бастауына байланысты «Оқытудың жаңа ақпараттық технологиясы», «ақпараттық технология» деген терминдер пайда болды.

Жалпы сабақ барысында компьютерлік технологияны қолданудың ерекшеліктерін қарастыру үшін, алдымен оның негізгі міндеттерін анықтап алған жөн. Ол үшін:
1 Жаңа ақпараттық оқыту технологиялары ұғымын айқындау қажет;
2 Ақпараттық технологияларды білім беруде қолдану және оны енгізу ұстанымдарын нақтылау қажет;
3 Сабақта ақпараттық технологияларды қолданудың тиімді әдіс-тәсілдерін анықтау қажет.

1 Егер оқыту дегеніміз оқушыға тиісті ақпаратты жеткізу деген қағиданы ескерсек, онда В.Н.Глушковтың анықтамасы бойынша (ақпараттық технология – ақпаратты өңдеумен байланысты үрдіс), ақпараттық технология білім беруде үнемі қолданылып келе жатыр деген қорытынды жасауға болады. Сонымен бірге, әрбір педагогикалық технология ақпаратты оқушыға қалай тиімді жеткізу мәселесін қарастыратынын ескерсек, кез келген педагогикалық технология ақпараттық бола алады. Демек, ақпараттық оқыту технологиялары білім беруде кеңінен қолданыла бастағаннан бұрынырақ пайда болған.

Ақпараттық технология мәселесін зерттеп жүрген В.М.Монахов, А.А.Кузнецов, В.В.Папов, В.Гузеев сияқты көптеген ғалымдардың тұжырымдарын талдай келе, Н.В.Апатов ақпараттық технологияның төмендегі түрлерін көрсетеді:
1 Компьютерлік оқыту жүйелері (оқыту машиналары, бағдарламалы оқыту)
2 Оқыту құралдары (ЛОГО, гипермәтін, мультимедиа, микромир)
3 Инструменталді жүйелер (мәліметтер базасы, бағдарламалау, авторлық жүйелер, топтық оқыту құралдары)

Көріп отырғанымыздай, жаңа ақпараттық технологиялар – техникалық және бағдарламалық қамтамасыз етілген компьютерлер.

Ал ғалым Е.В.Кудрявцеваның тұжырымын ескерсек, төмендегі қағидалар іске асқан жағдайда ғана ақпараттық технолгия жөнінде сөз қозғауға болады:
– педагогикалық технологияның негізгі ұстанымдарына негізделуі керек (алдын ала жобалау, тұтастық, мақсат айқындығы);
– дидактикада шешімін таппаған теориялық немес практикалық міндеттердің шешімін табу қажет;
– ақпаратты қабылдап, жеткізу құралы компьютер болуы тиіс.

Бұл жерде де басты құрал – компьютер екенін көруге болады. Сондай-ақ, Г.А.Боровский мен В.Л.Извозчиковтер де жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үрдісінде оқытудың жаңа электрондық құралдарын, соның ішінде, компьютерді пайдаланумен байланыстырады. Мұндай көзқарасьы басқа да көптеген ғалымдар қолдайды. Сондықтан «жаңа ақпараттық технология» терминін қысқартып «компьютерлік технология» деп те атайды.

Компьютерлік технология оқытушылардың оқыту әдістері мен оқу үдерісін ұйымдастыру түрлерін түбегейлі өзгертуге, оқу үдерісін үнемі жаңартып отыруға, оқытушылар мен үйренушілерге өзіндік және бірлесіп шығармашылық жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді.

Компьютерлік технология ХХ ғасырдың соңында, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы кезеңінде кең өріс ала бастады. В.М.Глушковтың пайымдауынша, компьютерлік технология кешенді ғылым жүйелерінен және арнайы пәндерден тұрады. Шығармашылықты, жобалауды, ойлап табуды, баға беруді іске асырады.

Компьютерлік оқыту технологиясы – жаңа ақпараттар мен мәліметтер кешенін компьютер арқылы дайындап, үйренушіге жеткізу.

Ғалым Н.Е.Исабек компьютерлік технологияның қолданылу аясы мен дегейіне қарай (1-сурет) компьютерлік технологияның даму бағыттарын көрсетеді (2-сурет)


1-сурет – Компьютерлік технологияның қолданылуы


2-сурет – Компьютерлік технологияның бағыттары

Компьютерлік технология бағыттарын көрсете келе, компьютерлік технологияны былайша топтастырады.
1. Көркем компьютерлік технология.
2. Инженерлік-компьютерлік технология.
3. Иллюстративті-компьютерлік технология.
4. Іс-құжаттық компьютерлік технология.
5. Когнитивті-компьютерлік технология.

Көркем-компьютерлік технология негізінен кескіндеме, сурет, сәндік-қолданбалы өнер, көркем және кітап графикасы, мүсін және т.б. графикалық пәндерге бағытталады.

Иллюстративті-компьютерлік технология белгілі бір ақпаратты (текст, аудио жазбалар және т.б.) көруге бағытталады немесе оқуға көмекші құрал ретінде пайдаланылады. Компьютерлік технологияның бұл түрі арқылы білім алушы бағдарламаны үйренеді және мультимедиа технологиясының көмегімен кез келген пәндегі ақпараттарды алып қарауға мүмкіндік алады. Иллюстративті компьютерлік технология, сондай-ақ ғылыми ізденістердің нәтижелері мен графикалық мазмұнда жиі қолданылады.

Іс-құжаттық компьютерлік технология офистік тапсырмаларды шешуде: графиктер мен диаграммалар құрастыру, кесте таблицаларды көркемдеу және т.б. құжаттарды өңдеуге графикалық көркемдеу, факстарды, фирмалық стиль жасау және т.б. қолданылады.

Когнитивті-компьютерлік технология болса, бағдарламалық қамсыздандыру мен бағдарламаның интерфейстерін жасауға, әсіресе, тестік шешімдерді қабылдайтын бағдарламаларға бағытталады.

Сонымен, жоғарыда айтылғанның бәрі жаңа компьютерлік технологияны күнделікті өмірде (киноиндустрия, компьютерлік моделдеу және дизайн, білім беру саласы, полиграфия, үш көлемдегі графика және анимация, сәулет, видео өндіріс, мультимедиа және т.б.) кең көлемде пайдалануға болатынын дәлелдейді.

Білім беруде компьютерлік технологияны қолданудың төмендегі артықшылықтарын көрсетуге болады.
1 Даралап оқытуға қол жеткізіледі.
2 Білім алушылардың өзіндік жұмыс істеулерін қарқындатуға жол ашылады.
3 Сабақта бірнеше тапсырмалар жүйесін орындауға мүмкіндік туады.
4 Ғаламтор арқылы және арнайы дискілер қолдану арқылы әртүрлі ақпараттар алуға мүмкіндік туады.
5 Электронды оқулықтың мультимедиалық жүйесі арқылы бағдарламаны дыбыспен қамтамасыз етуге, мәтінді диктордан кейін қайталауға, кез келген видеофрагмент көруге мүмкіндік туады.
6 Білім алушылардың танымдық белсенділігі артады. Әртүрлі үлгіде ұйымдастырылған жұмыс түрлері оқушылардың көңіл-күйлерін көтеріп, жұмыс істеу қабілеттері артады.
7 Білім алушылардың білім деңгейі мен қабілеттерін дұрыс бағалауға жол ашылады.
8 Сабақта компьютерлік тесті пайдалану арқылы қысқа мерзімде үйренушінің білім деңгейін анықтап, дер кезінде тиісті көмек көрсету мүмкіндігі болады.
9 Білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік туады.

Бірақ компьютер мүмкіндіктерін асыра бағалауға болмайды. Әсіресе, қазақ тілін меңгертуде компьютер тек қосымша тиімді құрал ретінде қызмет атқарады. Себебі тілді меңгерту тіке қарым-қатынас арқылы іске асырылатын үрдіс. Тіке байланыс болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды. Қатысымның өзі адамдардың біріккен әрекетінің бір қыры, яғни адамдардың үйренетін тіл арқылы өзара бірігіп әрекет жасауы болып табылады. Қатысымдық әдіс – ақпарат алмасу үрдісі, тіл үйренушілердің алға қойған мақсатқа жетуіне бағытталған белсенді тілдік қатынас үрдісі. Белсенді тілдік қатынастың өзі – тіке байланыс арқылы жүзеге асады. Тіке байланыс арқылы тіл үйренушілер бір-біріне өз ойларын жеткізеді, өз көзқарастарын білдіреді. Бір-бірінен алған мәліметтерді, ақпараттарды қабылдайды. Сол арқылы жаңа хабарлар мен ұғымдарды меңгереді, ой қорытындылайды. Ал компьютерлік технологияны тақырыпты бекіту, қайталау, білім, білік, дағдыны тексеру кезеңдерінде қолдану тиімдірек болады.

Қазақ тілін күнделікті қолданысқа енгізудің шараларын батыл түрде қолға алғанда ғана тіліміз жанданып, біртіндеп барша қазақстандықтардың қатынас құралына айналары сөзсіз. Демек, тілдік орта болмай, он жерден оқытсаң да нәтиже бермейді, себебі тілді меңгерем деген адам күнделікті қазақ тілінде сөйлемесе, ол бар оқығанын ұмытуы мүмкін, сондықтан тілдік ортаны қалыптастыру керек.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, мерейін тасыта түсуге бір адамдай жұмылу – бірдің де, мыңның да ісі. Сондықтан ісіміз ілгерілеп, мемлекеттік тілдің мерейін асырып, мейманасын тасыту үшін жұдырықтай жұмыла отырып, жүйелі жұмысымыз арқылы жаңа биіктерден көріне білейік дегем келеді. Оған сенімін мол. Бар байлығымыз тілімізді жоғалтпай, келесі ұрпаққа жеткізейік!

Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Богалюбов В.И. Педагогическая технология: эволюция понятия. //Вопросы образования. – М. – 1983. №2. С.125-132.
2 Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. – М.:Народное образование, 1988. -274с.
3 Қараев Ж.А. Педагогическая технология обучения Караева. – Алматы – 1988.- 112 c.
4 Исабек Е.Н. Студенттерді компьютерлік технологияны кәсіби іс-әрекеттерде пайдалануға даярлаудың теориялық және практикалық негіздері. Автореферат. Алматы. 2005. -29б