Ж.М. БУКЕНЕВА
ШҚО спортта дарынды балаларға арналған
мектеп-интернаты, директордың оқу-тәрбие
жұмысы жөніндегі орынбасары

Біздің баяндамамыздың тақырыбы «Қазақ тілі сабақтарында мультимедиалық технологияларды қолдану» (1 слайд) болғандықтан, ең бірінші, осы мультимедиалық технологиялар терминіне түсіндірме беруге тырысамын. Көптеген ғалымдар бұл терминді жан-жақты қарастырып, оған өздерінің анықтамаларын беріп жатыр. Біз осы ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, өзіміздің көлемді ұғымымызды анықтадық.

Біздің ойымызша, қазақ тілі сабақтарында қолданылатын мультимедиалық технологиялар – қазақ тілін оқыту үдерісін қарқындадатын, үйренушінің белсенділігін жоғарылататын, аз уақыт ішінде мол дыбыстық, бейне, анимациялық тілдік материалды ұсына отырып, саралап-даралап оқытуға жағдай жасайтын, тілді меңгеру дәрежесін бақылауға мүмкіндік туғызатын, әр түрлі әдістерін салыстыруға мүмкіндік жасайтын, әмбебап және бағдарларламау қасиеттерге ие болған инновациялық технология (2 слайд).

Бүгінгі таңда қазақ тілін меңгерту барысында бұл технологияларды оқыту үдерісіне енгізу – қазақ тілін жаңа тұрғыдан меңгерту болып табылады деп есептеміз (3 слайд).

Қазақ тілін меңгертуде мультимедиалық технологияларды қолдану компьютерлік оқыту бағдарламалары арқылы жүзеге асады (4 слайд). Қазіргі таңда тілдерді үйренуге арналған компьютерлік бағдарламалар баршылық. Оларды әдістемелік қолданысына қарай бірнеше түрге бөлуге болады: көрсетілімдік (тұсаукесер) бағдарламасы, жаттықтырушы (тренажер), ақпараттық-анықтамалық, тестілеу (бақылаушы), ойын бағдарламасы, аудармашы-сөздік, имитациялық бағдарламалар, интернет негізінде оқыту бағдарламасы, электрондық оқыту құралдары, мультимедиалық оқыту кешені (5 слайд).

Қазақ тілінен компьютерлік өнімдерге сараптама жасай келе, электрондық, мультимедиалық оқыту кешендері ең дамыған сатысы деген тұжырым жасаймыз. Мультимедиа технологияларына негізделген бұл әзірлемелер білім беру жүйесінде оқушыларды, студенттерді, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда, өздігінен білім алуда, қашықтықтан білім алуда дәстүрлі оқулықтармен қатар оқытуда сәтті қолданыс табуда. (6-26 слайд).

Осы орайда, біздің басты мақсатымыз – оқу орындарында қазақ тілін оқытуда дайын электронды өнімдердің жетістіктерін есепке ала отырып, мультимедиалық технологияларды қолданып, компьютерлік оқыту бағдарламаларды әзірлеудің теориялық, әдістемелік мәселелерін терең саралау арқылы оны жетілдіре түсу деп ойлаймыз

Жоғарыда айтылғанды негізге ала отырып, біз қазақ тілін оқытуға арналған мультимедиалық бағдарламаларды (МБ) әзірлеп, оларды қазақ тілі сабақтарында сәтті қолданып, сынақтан өткіздік (27-28 слайд).

Ең біріншіден, осы бағдарламалардың құрылымы мен мазмұнына тоқталайық. Бағдарламының құрылымы мен мазмұны сонау 50-жылдардан бастау алған бағдарламалап оқыту әдісі мен бәрімізге мәлім модульдік оқыту технологиясына негізделген. Бағдарламалап оқыту әдісі оқу әрекетін кезеңмен, шағын қадаммен ұйымдастыруды ұсынады. Қадам – келесі әрекетке көшу ережесіне сәйкес ақпараттарды алу мен өңдеу, бағалау үлестері. Қадам өзара байланыстағы үш тізбектен тұрады: ақпарат, кері байланыс әрекеттері, бақылау. Осы үш тізбектің байланысын өзіміздің жасаған бағдарламаларда қатаң түрде ескердік (29 -30 слайд).

Модульдік оқыту технологиясына келетін болсақ, бағдарламар бір немесе бірнеше модульдан, үш деңгейлі блоктан тұрады: 1 блок – теориялық бөлім (грамматикалық анықтағыш); 2 блок – практикалық сабақтар. Сабақтардың тақырыптары аймақтық компонентті қамтиды, лексикасы мен грамматикасы байланысқан, оқылатын салаға бағытталған; 3 блок – бақылау тесттер (кіріспе, сабақ деңгейінде – ағымдағы, модуль деңгейінде – аралық, барлық деңгейде – қорытынды) (31 слайд). Қосымша ретінде сөздік, грамматикалық анықтама, тыңдалым мен оқылымға арналған мәтіндер ұсынылған (32 слайд).

Екіншіден, мультимедиалық өнімнің тиімділігіне тоқталайық. Қазақ тілін меңгертуде тіл үйренушінің белсенділігін жоғарылатады. Компьютердің мультимедиалық мүмкіншіліктері білім беру тиімділігін арттыра түседі.

Бағдарлама тілдік оқу материалын – лексика мен грамматиканы беру мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Түсті, графиканы, анимацияны, бейнетехниканының барлық мүмкіндіктерін пайдалану тіл үйренушіге ерекше психологиялық әсер етеді. Сонымен қатар білімгерлердің оқу уәждемесін күшейтуге мүмкіндік береді. Тіл үйретудегі бағдарламалардың мультимедиа идеясы ақпаратты ұсынуда мәтіндердің бейне, дыбыстық сүйемелденуі, сапалы графикасы мен анимациясы адамның ақпаратты қабылдауының барлық арналарына әсер етеді. Білім алуда дұрыс шешім жасай білу өзіндік тәсілін, стратегиясын қалыптастырады. Бұл бағдарламаның мультимедиа мүмкіндіктері білімгерлердің дербестігін дамытып, олардың жеке қабілетін ескеру арқылы әртүрлі тапсырмаларды ұсынуға жағдай жасайды (33-42 слайд).

Үшіншіден, тілді оқытуда мультимедиалық өнімнің ерекшелігі – оның қатысымдық, интерактивті бағыты. Білімгер ол арқылы қатысымның барлық түрлерін жүзеге асыра алады. Бұл – мәтіндерді оқу, көру, сұхбат жасау, сөйлемдерді пернетақта арқылы жазу, тыңдау әрекеттері. Өз тәжірибемізде осы әзірленген электронды өнімдер арқылы тіл меңгертудегі оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым әрекеттерінің дағдыларын қалыптастыруда тиімді болатынына көз жеткіздік. Бұл әрекет көптеген жаттығулар арқылы іске асады(43-52 слайд). Бағдарлама – тіл үйренушінің іс-әрекеттеріне жауап беріп, олардың әрқайсысымен диалогқа түсіп отырады. Тіл үйренуде бұл мүмкіншіліктер ең маңызды болмақ. Бағдарлама білімгерлерге өз әрекеттерінің нәтижесін айқын, объективті көрсете алады.

Оқытуда мультимедиалық технологияларды қолдану педагогикалық қызметтің негізгі әдістері: компьютер мен тіл үйренушінің белсенді, белсенсіз қатынасына негізделеді. Белсенсіз мультимедиа өнімдері ақпаратты ұсыну үдерісін (дәріс оқу, тұсаукесер, практикумдар) басқару үшін әзірленеді. Ал белсенді мультимедиа өнімдері тіл үйренуде студенттің өзбетімен белсенді әрекетін талап ететін интерактивті өнім болып табылады.

Қазақ тілі сабақтарында мультимедиалық технологияларды қолданғанда сабақтың құрылымы өзгермейді. Сабақтың негізгі кезеңдері сақталады, тек оған кететін уақыт сипаты ғана өзгереді. Бұл сабақтарда уәждемелік кезең уақыты артып, оның танымдық сипаты күшейеді.

Мультимедиалық технологиялардың оқыту құралы ретінде артықшылығы төмендегідей:
– ақпаратты меңгеруде логикалық және бейнелі тәсілдердің қатар қолданылу мүмкіндігі;
– көрнекілікті күшейту арқылы білім беру үдерісін белсендіру;
– интерактивті қарым-қатынас;
– мультимедиалық оқу бағдарламаларының әр түрінің икемділігі мен
үйлесімділігі;
– жоғары ақпараттық сыйымдылығы.

Сонымен, мультимедиалық технологиялардың негізгі мақсаты – компьютерлік ақпараттық технологиялық қарым-қатынас орнату және мультимедиалық бағдарламалар арқылы оқыту. Мультимедиалық технологиялар – оқу үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан бір бағыты болып табылады, қазіргі кезеңнің ақпараттық-телекоммуникациялық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын қазақ тілін оқыту үдерісінде қолдануға жол ашатын жаңа, тиімді технологиялардың бірі.